
2026 жылғы 17 шілдеде Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулы Уәлихан Сәрсембековтің Гуандун өлкесі Вэйци қауымдастығының бас хатшысы Дэн Гуантин бастаған делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар зияткерлік спорт саласындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, вэйци ойынын дәріптеу, бірлескен турнирлер өткізу, сондай-ақ халықаралық алаңдарда гуманитарлық бастамаларды ілгерілету мәселелерін талқылады.
У. Сәрсембеков жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып отырған кезеңде мәдени мұраны, ұлттық болмысты және дәстүрлі зияткерлік ойындарды сақтау мемлекеттер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығына тоқталып, вэйци ойынын болашақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Дэн Гуантин Гуандун провинциясы Вэйци қауымдастығының қазақстандық тараппен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдіріп, гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің, бірлескен жобаларды іске асырудың және вэйци ойынын мәдени диалог пен халықтық дипломатияның тиімді құралы ретінде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында мәдени диалогты дамытуға, жастар алмасуын кеңейтуге және мемлекеттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған «Вэйци – Достық көпірі» халықаралық жобасын іске асыру бастамасына ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік спорт, мәдени-гуманитарлық алмасу және жастар бастамалары салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.
Анықтама: Гуандун өлкесінің Вэйци қауымдастығы 2018 жылы құрылған және Қытайдағы вэйци (го) ойынын дамыту жөніндегі жетекші өңірлік ұйымдардың бірі болып табылады. Қауымдастық кәсіби ойыншыларды, жаттықтырушылар мен әуесқойларды біріктіріп, ұлттық және халықаралық жарыстар ұйымдастырады, мектептерде білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, ойыншыларды аттестаттаумен айналысады және халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Қауымдастықтың мәліметінше, Гуандун өлкесі вэйци ойынының 6 миллионнан астам әуесқойы бар, бұл өңірді Қытайдағы аталған зияткерлік ойынның ірі даму орталықтарының біріне айналдырады.








