Балқаш пен Теміртауда Металлург күні кең көлемде аталып өтеді: жұлдыздардың концерті, фестивальдер мен мерекелік отшашу

    Балқаш пен Теміртауда Металлург күні кең көлемде аталып өтеді: жұлдыздардың концерті, фестивальдер мен мерекелік отшашу

    Қарағанды облысында Металлург күніне орай ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Балқаш пен Теміртау қалаларының тұрғындары мен қонақтарын танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттер, отбасылық демалысқа арналған ойын-сауық бағдарламалары, спорт фестивалі және әсерлі мерекелік отшашу күтеді.

    17 шілдеде Балқаштағы басты мерекелік оқиға Metalurg Fest фестивалі болмақ. Іс-шара бұған дейін Balkhash Tour Fest өткен Ақшағыл жағажай аймағында (Рембаза) ұйымдастырылады. Қонақтар үшін балаларға арналған ойын және анимациялық алаңдар, бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары әзірленген. Ал кешкі уақытта Қазақстан мен шетелдің танымал өнерпаздары қатысатын үлкен концерт өтеді.

    Балқаш пен Теміртауда Металлург күні кең көлемде аталып өтеді: жұлдыздардың концерті, фестивальдер мен мерекелік отшашу

    Фестиваль сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Дұғалова, «Ирина Кайратовна» тобы, IL'HAN, Болат Құсайынов және Өзбекстанның аты аңызға айналған «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетеді. Мерекелік кештің жүргізушілері – көпшілікке танымал әзілкештер әрі тележүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек.

    Концерт сағат 20:00-де басталады.

    Көрермендерге ыңғайлылы болуы үшін фестиваль өтетін күні арнайы тегін автобус бағыттары ұйымдастырылады. Алғашқы автобус 16:30-да жолға шығады, кейін қоғамдық көлік 10–15 минут сайын қатынайды. Автобустар «Жастар» сквері (М. Хамзин атындағы Мәдениет сарайының артында), 17-ықшамаудандағы «Шекер» аялдамасы және Балқаш жоғары медициналық колледжі маңындағы аялдама арқылы жүреді.

    Фестивальге кіру тегін.

    Металлург күніне арналған мерекелік бағдарламалар Теміртауда да жалғасады. 18 шілдеде сағат 18:00-де «Астана» алаңында үлкен мерекелік концерт өтеді. Көрермендер алдында M’Dee, Айқын, Jazzdauren, Мирас Жүгінусов, Yenlik, «Ирина Кайратовна» және «Винтаж» топтары өнер көрсетеді.

    Балқаш пен Теміртауда Металлург күні кең көлемде аталып өтеді: жұлдыздардың концерті, фестивальдер мен мерекелік отшашу

    Мерекелік кештің шарықтау шегі әсем отшашу болмақ.

    19 шілдеде Теміртаудағы Qarmet Park (Еңбек даңқы саябағы) аумағында қаланың ең ірі 3×3 баскетбол фестивалі – Kia Basketball Fest өтеді.

    Фестиваль аясында спорттық жарыстар, музыкалық бағдарлама және отбасылық демалысқа арналған түрлі белсенділіктер ұйымдастырылады. Қонақтарды күні бойы қызықты ойындар, ойын-сауық пен мерекелік атмосфера күтеді.

    Фестиваль сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жалғасады. Кіру – барлық келушілер үшін тегін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары