
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарына облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев та қатысты.
Сапар барысында делегация бірқатар ірі кәсіпорындар мен халықаралық компаниялардың қызметімен танысты. Ауыл шаруашылығы, логистика, өнеркәсіп және «жасыл» энергетика бағыттары бойынша нақты жобалар қарастырылып, маңызды меморандумдарға қол қойылды. Заманауи агротехнологиялар, жоғары сапалы тұқым шаруашылығы, өнімді терең өңдеу және экспортты дамыту мүмкіндіктері зерделенді.
Сонымен қатар, логистикалық әлеуетті арттыру, индустриялық парк құру, 3D құрылыс технологияларын енгізу және биотехнология салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сиань қаласында BYD компаниясымен кездесуде күн панельдерін шығару мен «жасыл» энергетиканы дамыту бағытындағы мүмкіндіктер қаралды.
Сапар аясында Қытайда білім алып жатқан Алматы облысының студенттерімен кездесу өтіп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатынына сенім білдірілді.
Арада жасалған келіссөздер мен бастамалар Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді деп күтілуде.









