Цифрлық құқықтар – жаңа Конституцияның басым бағыты

    ·
    Цифрлық құқықтар – жаңа Конституцияның басым бағыты

    Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның XI отырысында Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қ.С. Байғоджаев:

    "Алматы облысы – халық тығыз қоныстанған, цифрлық сервистер белсенді енгізілген, серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде ұлттық экономиканың өсу драйверіне айналуға тиіс технологиялық «Alatau City» жобасының дәл біздің өңірде жүзеге асырылып жатқаны – соның айқын дәлелі.

    Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында көзделген цифрлық ортаны институционалдық реттеу және жекелеген өңірлер мәртебесіне қатысты ұсыныстар Алматы облысының тұрғындары үшін айрықша маңызға ие.

    Жаңа Конституция жобасы қоғамдық өмірде бұрыннан бар, алайда құқықтық тұрғыдан қайта пайымдауды қажет ететін бірқатар бастамаларды қамтиды. Бүгінде азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі дәстүрлі түсінік шеңберінен шығып, цифрлық технологиялар деңгейіне дейін көтерілді. Цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына еніп, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.

    Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық саладағы құқықтарын қорғау міндетінің қарастырылуы – уақыт талабы. Атап айтқанда, хат-хабар алмасу қауіпсіздігі, электронды коммуникация, дербес деректерді қорғау мәселелерінің қамтылуы жеке өмір құпиясына берілетін кепілдікті нығайтып, цифрлық сервистерге деген сенімді арттырады.Әсіресе, азаматтардың жеке және қаржылық мәліметтерінің қорғалуы, олардың алаяқтардың қолына түспеуін қамтамасыз ету – бүгінгі күні ерекше өзекті. Мұндай нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі цифрлық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге берік құқықтық негіз қалайды.

    Сонымен қатар, Конституция жобасының құқықтар мен бостандықтарды шектемей, керісінше оларды жаңа технологиялық жағдайларға бейімдеу қағидатын басшылыққа алуы – азаматтар үшін маңызды қадам. Мемлекеттің жеке тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігі тек офлайн кеңістікте ғана емес, онлайн ортада да нақты бекітілуі тиіс.

    Әсіресе, жаңа Конституцияда балалар мен жастар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға құқықтық негіздің айқындалуы – болашақ ұрпақтың мүддесін қорғаудағы маңызды шешім.

    Ұсынылып отырған өзгерістер қарапайым азаматтардың күнделікті өмірінде нақты көрініс табады. Жеке және қаржылық ақпараттың қорғалуы, цифрлық сервистердің құқықтық бақылау аясында жұмыс істеуі – қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтеді.

    Қорыта айтқанда, Конституция жобасының әрбір тармағы комиссия жұмысы аясында жан-жақты әрі мазмұнды талқылаудан өтті. Әрбір ұсынысқа сараптамалық баға беріліп, түрлі көзқарастар ескерілді, қажетті тұстары нақтыланып, жетілдірілді.

    Нәтижесінде қоғам сұранысына жауап беретін, келісілген әрі теңгерімді құжат қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Осыған байланысты Құжат жобасы жеткілікті деңгейде пысықталғандықтан, оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болады деп есептеймін".

    Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қ. Байғоджаев

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары