
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысына қатысып, ел дамуы үшін маңызды саналатын жаңа Конституция жобасын талқылауға атсалысты.
Жиын барысында құжатқа енгізіліп жатқан негізгі өзгерістер мен олардың қоғам өміріне, мемлекеттік басқару жүйесіне және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге ықпалы жан-жақты сараланды.
Отырыста құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар кеңінен сөз болды.
Қатысушылар Конституциялық реформалардың елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімді сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан заманауи технологиялар жағдайында жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпаратқа қолжетімділікті реттеу және азаматтардың цифрлық құқықтарын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындау қажеттігі айтылды. Осы тұрғыда Конституция деңгейінде бекітілетін кепілдіктердің маңызы ерекше екені көрсетілді.
Жиында еңбек адамының қоғамдағы рөліне де айрықша назар аударылды. Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілікті нығайту, еңбек құқықтарын қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және адам капиталының дамуына басымдық беру қағидаттары күшейтіліп отырғаны атап өтілді.
Комиссия отырысы жаңа Конституция жобасының қоғам мүддесіне сай жетілдірілуіне және елдің болашақ дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңы болды.









