
Алматы облысының мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және қалалық, аудандық мәслихат төрағаларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.
Кездесуді Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қ.С. Байғоджаев ашып, жиынның мақсаты – ұсынылып отырған Конституцияның жаңа редакциясын таныстыру және оның негізгі ережелерін түсіндіру екенін атап өтті.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік институттардың рөлін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Ұсынылып отырған конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңіне қадам жасауға мүмкіндік беріп, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға негіз болады.
Кездесу барысында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Қазбек Нұрсейітұлы Дәуіталиев пен облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов баяндама жасап, Конституция жобасындағы өзгерістердің маңызына тоқталды. Олар жаңа редакцияда азаматтық қоғам институттарын дамытуға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге басымдық берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформаның негізгі қағидаттары – ашықтық, әділдік және жауапкершілік екені айтылды. Конституцияның жаңа редакциясы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны, бұл әрбір азаматқа елдің болашағына қатысты маңызды шешімге қатысуға мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысында қатысушыларға Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізу, еңбек ұжымдары мен қоғамдық алаңдарда ашық диалог ұйымдастыру қажеттігі жөнінде ұсыныстар берілді.









