
Еңбекшіқазақ ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан іссапармен келді. Өңірдегі ахуалмен танысқан халық қалаулылары Саймасай ауылындағы «Айдарбаев» шаруа қожалығында болды. Сапарға Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қ.Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаттары мен аудан әкімі Т.Байедилов қатысты.
Агросектор өңір экономикасының тірегі саналады. Осы бағытта «Айдарбаев» шаруа қожалығы мал, өсімдік, бау-бақша және балық шаруашылығын қатар дамытып келеді. Қожалықта мал мен балыққа арналған түйіршіктелген құрама жем өндіру жобасы іске асуда. Құны 500 млн теңге болатын, сағатына 3 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы нысан құрылысы аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жоба экономикамен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған. Кездесу барысында жемнің импортқа тәуелділігі, оның сапасы мен отандық өндірісті дамыту мәселесі көтерілді. Сенатор Закиржан Кузиев отандық құрама жемге сенімді арттыру үшін ғалымдарды тартып, зертханалық негізде жұмыс істеуді ұсынды.
Сондай-ақ қожалықтағы балық шаруашылығының дамуы жоғары бағаланып, «Аквашаруашылық туралы» жаңа заңның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Сапар соңында депутаттар мен шаруалар дөңгелек үстел басында кездесіп, мемлекеттік қолдау, өндірісті кеңейту, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерді талқылады.
Еңбекшіқазақ ауданынан кейін депутаттар Талғар ауданындағы агроөнеркәсіп саласының жетекші кәсіпорны – «Баймене» компаниясына барды. Кәсіпорын алма өсіру және алма өнімдерін өндіру бойынша өңірде көш бастап келеді.
Компания директоры Евгений Камбаровтың айтуынша, кәсіпорында алма өсіруден бастап, өңдеу мен ұзақ мерзімді сақтауға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Бақ отырғызу жұмыстары 2017 жылы басталып, бүгінде 100 гектардан астам аумаққа Италия мен Голландиядан әкелінген 254 мың элиталы алма көшеті егілген. Инвестиция көлемі – 6,1 млрд теңге, тұрақты түрде 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорында алма сұрыптайтын, орайтын желі, табиғи шырын мен пюре өндіретін цех, сондай-ақ 5100 тоннаға арналған заманауи жеміс сақтау қоймасы бар. Жабдықтардың арқасында 1 кг алмадан 65–70% таза шырын алынады, ал қос пастерлеу әдісі өнімнің табиғи қасиетін сақтауға мүмкіндік береді. Өнімдер Алматы қаласы мен ірі сауда желілерінде Alem Alma брендімен сатылады. Болашақта сидр, джем, сірке суы және газдалған сусындар шығару, бақ аумағын тағы 40 гектарға кеңейту жоспарланған.
Қонақтарға 9 түрлі алма сорты таныстырылып, жоғары технологиялы 27 камерадан тұратын қойма көрсетілді. Барлық өнім халықаралық сапа стандарттарына сай сертификатталған.
Сапар барысында "Fresh Storage Center" компаниясы салған 5 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасына барды. Кәсіпорын директоры Максим Прудников қойма озық салқындату, желдету және микроклиматты басқару жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті. Нысанның орналасуы – негізгі көлік жолдарының бойында, логистика үшін өте ыңғайлы.
Қоймада картоп, пияз, сарымсақ, қырыққабат, сәбіз секілді көкөністерді жыл бойы сақтау мүмкіндігі бар. Сақтау кезінде өнім жоғалтуы небәрі 1–3%-ды құрайды, бұл бағаны тұрақтандыруға және сапаны сақтауға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, халық қалаулылары өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен тасымалдау жүйесі тиімді жолға қойылғанын атап өтті. Жанболат Жоргенбаев Президент қойған азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты міндеттер аудан деңгейінде толық орындалып жатқанын айтты.









