
Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жоргенбаев Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі өнеркәсіп саласының қазіргі жай-күйін зерделеу, сондай-ақ еңбек ұжымдарымен бірге өзекті мәселелер мен даму перспективаларын талқылау болды.
Сенатордың жұмыс сапарына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев пен облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев та қатысты.
Жұмыс бағдарламасы Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылында орналасқан Neo Milk зауытын аралаудан басталды. Кәсіпорын ешкі, бие және түйе сүтін терең өңдеуге маманданған. Зауыттың негізін қалаушы Болат Аманбаевтың айтуынша, компания биологиялық белсенді қоспаларды импорттаудан бастап, бүгінгі таңда жоғары технологиялы заманауи өндіріс құруға дейінгі жолдан өткен. Кәсіпорын еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған және тәулігіне 50 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы, ал болашақта бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыру жоспарланып отыр. Жобаға салынған инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. Өнім түрлері балалар тағамынан бастап, диеталық өнімдер мен әртүрлі ірімшіктерге дейін кең ауқымды қамтиды. Сонымен қатар зауытта дәстүрлі ұлттық сусындар – саумал мен шұбатты кеңінен насихаттауға және оларды Қытай мен Ресей нарықтарына экспорттауға ерекше көңіл бөлінуде.
Келесі кезекте делегация Қарасай ауданының Көкөзек ауылында орналасқан Kelun-Kazpharm фармацевтикалық зауытына барды. Қытайдың ірі Kelun корпорациясымен бірлесіп құрылған бұл кәсіпорын отандық фармацевтика саласындағы жетекші өндірістердің бірі саналады. Атқарушы директор Мерей Сламұлының мәліметінше, зауыт 2014 жылы іске қосылып, жобаға шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Аумағы бес гектарды құрайтын өндіріс алаңында жылына 150-ден астам өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмек түрін, соның ішінде инфузиялық және инъекциялық, онкологиялық препараттарды шығаратын өндірістік желілер орналасқан. Кәсіпорын елді сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен қатар, салалық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының соңғы нүктесі Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы Plast Invest Production кәсіпорны болды. 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания полиэтилен құбырлары мен фитингтерін өндіруге маманданған және неміс технологияларын пайдаланады. Су, газ және кәріз жүйелеріне арналған бұл құбырлардың қызмет ету мерзімі 50 жылға дейін жетеді. Өнімдер еліміздегі әртүрлі инфрақұрылымдық жобаларда – қалалық коммуналдық желілерден бастап ірі өндірістік нысандарға дейін кеңінен қолданылып келеді. Кәсіпорында өнім сапасын бақылауға арналған жеке зертхана жұмыс істейді.
Кездесулер барысында еңбек ұжымдарымен өндірісті жаңғырту, кеңейту және тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша Жанболат Жоргенбаев отандық кәсіпорындарды дамыту, өндірістік үдерістерді жетілдіру және жергілікті бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы кәсіпорындар өңір экономикасының дамуына тікелей үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып отыр. Мұндай даму ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, отандық тауарлардың шетелдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сенатор көтерілген барлық мәселелер мұқият зерделеніп, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдау арқылы шешімін табатынын жеткізді.









