
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Астана ауданында көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Өткен жылы аудан аумағында 8800 ағаш көшеті егілсе, биыл жыл басынан бері 3555 көшет егілді. Көгалдандыру жұмысына мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, жастар, еріктілер, қала тұрғындары және Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы өкілдері белсене қатысты.
«Таза Қазақстан» акциясы ағаш егумен шектелмейді. Аудан бойынша тұрақты түрде сенбіліктер өткізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар тазартылуда. Жыл басынан бері 10 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалық жұмысына 15 мыңға жуық тұрғын мен 72 арнайы техника жұмылдырылған.
Астана ауданы әкімдігі қала тұрғындарын демалыс маусымы кезінде табиғат аясында және су жағалауында тазалықты сақтауға шақырады. Қоқысты арнайы орындарға тастап, қоршаған ортаға жанашырлық таныту — әр азаматтың міндеті. Таза қала— бәріне ортақ.









