
Байғанин ауданындағы «Шаңырақ» отбасын қолдау орталығында ұлттық қолөнерді ұлықтап, ағаш өңдеу өнерін өмірлік мұрат еткен белгілі ұста, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Құтым Қасенұлы Қасеновтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Шеберлікпен жасаған сұлулық» атты салтанатты кездесу кеші өтті.
Тағылымды шараға аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мәдениет саласының қызметкерлері және қолөнер жанашырлары қатысты.
Кездесу кешін ашқан Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, оның ұлттық қолөнерді насихаттауға және ауданның рухани-мәдени дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Құттықтау хатын табыстап, ізгі тілегін жеткізді.
Кеш барысында Құтым Қасенұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған фотокөрме ұйымдастырылып, ағаштан жасалған бірегей қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ашық сұхбат форматында өткен кездесуде мерейтой иесі еңбек жолы, атадан балаға мирас болған ағаш өңдеу өнерінің ерекшеліктері, ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні және ел арасында «Тәкен» есімімен танылуының тарихы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ибраһим Ермекбаев мерейтой иесіне «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Ә.Қ. Құсайыновтың және Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Шаңғұтовтың Құттықтау хаттарын табыстап, ақсақалдық ақ батасы мен жүрекжарды лебізін жеткізді.
Құтым Қасенұлының өнегелі өмір жолы мен ұлттық қолөнерді дамытуға сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін тағылымды үлгі. Осындай кездесулер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрлі қолөнердің қадір-қасиетін жас буынның санасына сіңіруге, халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтауға зор ықпал етеді.









