
Бейнеу аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Жыл басынан бері жүргізілген рейдтердің нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 549 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған жасөспірімдердің заңды өкілдеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, олардың жүрген жерін тұрақты бақылауда ұстауға шақырады. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.









