Қазақстан мен SES жаһандық спутниктік байланыс операторы ғарыштық технологияларды дамыту перспективаларын талқылады

    Женевадағы «Цифрлық апталық» аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев SES S.A. компаниясының басшылығымен келіссөздер өткізді.

    Тараптар спутниктік байланыс саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын, оның ішінде бірлескен ғарыш жобаларын жүзеге асыруды және орбиталық-жиіліктік ресурсты тиімді басқаруды талқылады. Кездесудің басты тақырыбы шығыс бойлығындағы 57° орбиталық позицияда SDS (Software-defined Satellite) жобасын жүзеге асыру бойынша келіссөздердің барысы болды.

    Жаслан Мәдиев Қазақстанның жетекші жаһандық оператормен ұзақ мерзімді серіктестікке мүдделі екенін, алайда мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру тек ұлттық стратегиялық мүдделерді сақтаған жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өтті. Атап айтқанда, қазақстандық тарап мемлекеттік егемендікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзінің ұстанымын білдірді: ғарыш аппаратын басқару тікелей Қазақстан Республикасының аумағынан жүзеге асырылуы тиіс, бұл ұлттық заңнама талаптарына сәйкес келеді және цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар, тараптар жобаға қатысудың қаржылық параметрлерін талқылады, онда қазақстандық тарап инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін белгіленген экономикалық лимиттерді растады.

    Диалог барысында орбиталық-жиіліктік ресурсты үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шығыс бойлығындағы 57°, 58,5° және 60° нүктелерінде спутниктік топтамалардың тығыз орналасқанын ескере отырып, тараптар алдын ала техникалық өзара іс-қимыл қажеттілігін талқылады. Қазақстандық тарап, соның ішінде іске қосылуы жоспарланған KazSat-3R аппаратын қоса алғанда, перспективалы спутниктік жүйелердің бірлескен кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Жаслан Мәдиев тәуекелдерді азайту және екі тараптың да спутниктерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық командалар деңгейінде тұрақты үйлестіру келіссөздерін жаңартуды ұсынды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді шешімдер табу үшін сындарлы диалогты жалғастыру ниетін растады. Ұлттық ғарыш әлеуетін дамыту және қазақстандық спутниктік желілерді жаһандық инфрақұрылымға интеграциялау елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған басым міндеттерінің бірі болып қала береді.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары