
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бескөл ауылдық округінің аумағында санитарлық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары арасында кең көлемді ақпараттық-насихаттау іс-шаралары жүргізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және әрбір азаматтың туған жердің тазалығы мен көркеюіне деген жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Іс-шара барысында округ әкімдігі мамандары тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, аулалар мен үй маңындағы аумақтарды үнемі таза ұстаудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару, құрылыс және басқа да қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге төкпеу, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, ағаштар мен жасыл желектерге ұқыпты қарау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарға үй аумақтарын жүйелі түрде абаттандырып отыру, арамшөптерді уақтылы шабу, қоршаулар мен қақпалардың сыртқы келбетін күтіп ұстау, көшеге шығатын аумақтарды қоқыстан тазарту және санитарлық талаптарды сақтау жөнінде кеңестер берілді. Сондай-ақ әрбір тұрғынның тазалықты сақтауға қосқан үлесі ауылдың көркеюіне және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Бескөл ауылдық округі әкімдігі санитарлық тазалықты сақтау – барша тұрғынның ортақ міндеті екенін еске сала отырып, барлық ауыл тұрғындарын өз аулалары мен іргелес аумақтарын таза ұстауға, табиғатты аялауға, қоғамдық орындардың тазалығына бейжай қарамауға және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырады.









