
Биылдың өзінде бұл жоба өңірдегі 22 медициналық ұйымды қамтиды. Павлодар облысындағы медицинаны цифрландыру барысы туралы @pavlodar.rsk алаңында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анар Омарова айтып берді. Бүгінде аймақтағы 30 мемлекеттік және 13 жекеменшік емхана «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесін қолданады. Тұрғындар дәл осы жүйе арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, үйге дәрігер шақырта алады, сондай-ақ сараптама қорытындыларын, электронды рецепттерді, жолдамаларды және өздерінің электронды денсаулық паспортындағы мәліметтерді көре алады. - Денсаулық сақтау саласының жекелеген бағыттары үшін арнайы ақпараттық жүйелер енгізілген, - деп атап өтті спикер. - Мәселен, Қан орталығы «InfoDonor» жүйесімен, жедел жәрдем қызметі «КӨМЕК» жүйесімен жұмыс істесе, қалалық ауруханалардың бірі «Надежда» жүйесін қолданады. Бұл шешімдердің барлығы облыс тұрғындары үшін медициналық көмектің жеделдігін, ыңғайлылығы мен сапасын арттыруға септігін тигізеді. Белгілі болғандай, Павлодар облысының тұрғындары медициналық қызметтерді қашықтан алуға жиі жүгінетін болған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 784 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілсе, оның 83 мыңға жуығы қашықтан көрсетілген. - Бүгінде медициналық анықтаманың 9 түрі электронды форматқа ауыстырылды, - деп жалғастырды Анар Омарова. - Электронды құжаттар пациенттің келісімімен талап етілген жерге автоматты түрде жолданады. Бұл азаматтарды қағаз құжат жинаудан және бірнеше мекемеге сабылудан босатады. Ағымдағы жылдың соңына дейін еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, сондай-ақ анықтаманың тағы екі түрін толығымен электронды форматқа көшіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта өңірде жасанды интеллектіні қолдана отырып, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл бұл жоба 22 медициналық ұйымды қамтиды. Жасанды интеллект дәрігерлерге компьютерлік томография, маммография, рентгенологиялық және басқа да зерттеулердің қорытындысын талдауға көмектеседі. Бұл онкологиялық ауруларды, әсіресе ерте сатысында жылдам анықтауға, диагноздың дәлдігін арттыруға және қорытындыны алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаны ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосу көзделіп отыр.
Фото: ChatGPT









