
Абай облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 29-30 маусым күндері өңірдің ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған екі күндік оқыту курсы өткізілді.
Курстың мақсаты – дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту.
Курсқа дәріскер ретінде республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, сарапшы-дінтанушы Әбдіхамитов Бақдәулет Халиуллалұлы мен дінтанушы Шоманов Болат Шаймолданұлы арнайы шақырылды.
Оқыту курсының алғашқы күні Бақдәулет Әбдіхамитов дін саласындағы заңнаманың негізгі талаптары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа форматтары, тәуекел топтары арасында профилактикалық жұмыстарды жетілдіру, медиасауаттылықты арттыру, ақпараттық кеңістіктегі діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қазіргі заманғы коммуникациялық тәсілдерді тиімді пайдалану тақырыптарында дәріс оқыды.
Курстың екінші күні Болат Шоманов радикалдандырудың негізгі себептері мен оған ықпал ететін факторлар, радикалды идеологияның таралуының алдын алу жұмыстарының басым бағыттары, діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты баяндады. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің мақсатты аудиториямен тиімді коммуникация орнату тәсілдері, профилактикалық жұмыстың заманауи әдістері және өңірдегі діни ахуалға қатысты тәжірибелік мәселелер талқыланды.
Оқыту барысында қатысушылар мен дәріскерлер арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылардың өзекті сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді.
Екі күндік оқыту курсы ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, дін саласындағы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтуге және өңірдегі діни қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелік білім мен дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.





