
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын күшейтті
Талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 қазандағы № ҚР ДСМ-148/2020 бұйрығымен бекітілген.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап меншік нысанына қарамастан барлық денсаулық сақтау субъектілері Ресурстарды басқару жүйесіне (РБЖ-2.0) және Ұлттық электрондық денсаулық паспортына интеграцияланған медициналық (зертханалық) цифрлық жүйені пайдалануы тиіс.
Қазіргі таңда елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келетін 33 медициналық және 17 зертханалық цифрлық жүйе жеткізушісі тіркелген. Медициналық және зертханалық цифрлық жүйелерді жеткізушілердің тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында мына сілтеме бойынша орналастырылған: https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/documents/details/196758?lang=ru&ysclid=mq9eiki56f634161171.
РБЖ-2.0 жүйесіне қатысты техникалық қолдау мен сүйемелдеуді Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы жүзеге асырады. Өңірлерде субъектілер «С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК филиалдарына жүгіне алады.
Халыққа медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісінде мыналар болуы тиіс:
- Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келетін үй-жайлар.
Лицензияны (немесе оған қосымшаны) алғанға дейін субъект санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.
- Мамандар:
* тиісті мамандық бойынша маман сертификатының болуы;
* мәлімделген медициналық қызметтің кіші түрлері бойынша соңғы бес жыл ішінде біліктілігін арттырған болуы.
- Өтініш берілген бейін бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандартына сәйкес келетін медициналық жабдықтар, мүкәммал, жиһаз және өзге де қажетті құралдар.
- Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген жеткізушілер ұсынатын медициналық цифрлық жүйе.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері лицензиар органдар болып табылады.
Лицензиар орган рұқсат беру бақылауы барысында (лицензия немесе оған қосымша берілгенге дейін) субъектінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді. Субъект барлық құжаттардың түпнұсқаларын, оның ішінде медициналық цифрлық жүйені жеткізушімен жасалған шартты ұсынуға және жүйенің жұмысқа қабілеттілігін көрсетуге тиіс.
Сонымен қатар, субъектінің медициналық цифрлық жүйемен қамтамасыз етілуі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес профилактикалық бақылау және біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру барысында да тексерілетін болады.





