
Балқаш көлінің жағалауындағы Сарқан ауданының Қарашыған ауылдық округіне қарасты Мұқан Төлебаев ауылында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Табиғаты құмды өңірде қоғамдық жұмысшылардың тынымсыз еңбегінің арқасында Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткіштің айналасындағы 100×80 метр аумақ түрлі гүлдермен көмкеріліп, ауылдың ажарын аша түсті. Қарашыған ауылдық округінің әкімі Гүлнұр Амандосованың айтуынша, құмды жерде гүл мен ағаш өсіру үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Осы орайда ол ауылдың көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген қоғамдық жұмысшылар Екатерина Муртазова, Шумист Сагалова және Ольга Эфанованың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, ауыл әкімінің айтуынша, 2023 жылы ауыл бағын құру бастамасы қолға алынып, содан бері жыл сайын жаңа көшеттер отырғызылып келеді. Бүгінде бақта 210 түп алма ағашы, 40-тан астам қарағай және 20-дан астам аққайың жайқалып өсіп тұр. Биыл алма ағаштары алғаш рет жеміс түйіндеп, бірнеше жылдық еңбектің нәтижесін көрсетті.
Бұл – туған жерге деген жанашырлықтың, еңбекке деген құрметтің және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының нақты нәтижесінің жарқын көрінісі. Ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еселі еңбегі – баршаға үлгі.









