Мемлекеттік сатып алу саласындағы реформа: Тиімділік, технология және ашықтық

    Мемлекеттік сатып алу саласындағы реформа: Тиімділік, технология және ашықтық

    Былтыр қаңтардан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы күшіне енген болатын. Аталған реформаға Мемлекет басшысы 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойған-ды. Құжат мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін арттырып, заманауи цифрлы шешімдерді енгізуге, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.

    Осы өзгеріс сатып алу мерзімдерін едәуір азайтуға септесті. Атап айтқанда, рейтингті-балдық жүйені пайдалана отырып жүргізілетін сатып алулар 5 жұмыс күні ішінде өткізілсе, қарапайым конкурстың уақыты 60 күннен 10 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Оның нәтижесі өз жемісін берді.

    Айталық, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес 8,1 трлн теңге сомасына келісімшарттар жасалып, бұл 2024 жылдағы көрсеткіштен 53% ( жасалған шарттардың көлемі – 5,3 трлн теңге) көп. Сондай-ақ шағымдану тетігі де өзгертілді. Енді шағымдарды сатып алу ұйымдастырушысы тікелей өзі қарап, бұл қажетті рәсімдердің орынсыз созылуына жол бермейді. Бірақ та сатып алу қорытындыларына байланысты сотқа шағымдану сатып алу процедурасын тоқтатпайтынын айта кетейік. Осы амал былтырғымен салыстырғанда шағымдарды 21% төмендетуге оң әсер етті.

    Бұған қоса бір мердігердің жобалаудан бастап нысанды салу мен оны қолданысқа беруге дейінгі жұмыстардың толық циклінің орындалуын қарастыратын «Кілтпен тапсыру» тетігі енгізілді. Мұндай тәсіл мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, құрылыс жобаларын іске асырудың тиімділігін күшейтеді. Бұған арналған нысандардың тізбесін тиісті мәслихаттар бекітеді.

    Бұдан бөлек ашықтықты күшейту мақсатында мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг тәсілі енгізілді. Ал мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – Электрондық қаржы орталығының базасында мемлекеттік сатып алу порталымен интеграциялау арқылы қолданыстағы сатып алу жүйелерін, сол секілді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының сатып алу жүйесі мен басқа да электронды алаңдарды біріктіретін Бірыңғай сатып алу платформасы жолға қойылды.

    Кейінгі жылдары жасанды интеллект әлемнің көптеген елінде мемлекеттік басқарудың цифрлы тарнсформациясында негізгі бағыттардың біріне айналғаны мәлім. Бұл мемлекеттік сатып алу жүйесін де өзекті мәселе. Осы орайда қазір жоспарлаудан бастап төлем жасауға дейінгі мемлекеттік сатып алудың барлық циклі – Мемлекеттік сатып алу веб-порталында толықтай электронды форматта жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Мұндай амал барлық рәсімді барынша ашық, айқын және толық қадағалануын қамтамасыз етеді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының шолуына сәйкес Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі ең дамыған сатып алу жүйелерінің қатарына кіреді.

    Мемлекеттік сатып алуды дамытудағы тағы бір негізгі бағыттардың қатарында – адами факторды барынша азайту, өнім берушіні таңдауда бағадан тыс өлшемшарттарды кеңінен қолдану және жеңімпазды автоматты түрде айқындау бар. Атап айтқанда, рейтингті-балдық жүйенің негізіндегі конкурске сәйкес құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу жеңімпазы өндірушінің жұмыс тәжірбиесі, салық тәртібі, аумақтық ерекшелігі, теріс көрсеткіштердің бар-жоғы және өзге де объективті өлшемдерді қосы алғанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері бойынша автоматты түрде анықталады. Мұндай тәсіл конкурстық комиссияының жеңімпазды анықтау процесіне қатысуына жол бермейді, сол сияқты қабылданатын шешімдердің әділ болып, адам факторын айтарлықтай төмендетеді. Жеңімпазды жүйе анықтайтындықтан мұндай сатып алудың қорытындыларына шағым түсіруге жол берілмейтінін ескерген абзал.

    ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Басымдыққа ие бағыттардың қатарында:

    • ЖИ технологияларымен мемлекеттік сатып алудың цифрландыруын күшейту және жеңімпазды айқындау кезінде адам факторын барынша азайту;
    • рейтингті-балдық жүйенің қолданыс аясын кеңейту, оның ішінде жұмыстардың басқа да түрлеріне енгізу;
    • Бірыңғай сатып алу платформасына толық көшу және мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының және ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерін біріздендіру;
    • ұлттық режімнен алып тасталған тауарлар тізбесін кеңейту арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдауды одан әрі күшейту.

    Заңды жетілдіру мен цифрлы технологияларды енгізу тиімділік пен ашықтықты арттырып, әділ бәсекелестік қағидаттарына негізделген мемлекеттік сатып алудың заманауи жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі" жаңалықтары