
Целиноград ауданының Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округіне қарасты Сарыкөл ауылында балалар мен жастарға арналған жаңа ойын және спорт алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.
— Балалардың қауіпсіз ойнап, жастардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді аудан әкімі.
Жаңа алаң заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Мұнда балаларға арналған ойын кешені, спорттық құрылғылар және демалысқа қолайлы аумақ қарастырылған. Нысан тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортпен айналысуына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік береді.
Сарыкөл ауылында пайдалануға берілген бұл нысан – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып жүзеге асырылған жоба ауылдың көркін арттырып қана қоймай, оның қоғамдық өміріне жаңа серпін береді.
Жаңа алаңның ашылуы ауыл балалары үшін көптен күткен қуанышты оқиғаға айналып, тұрғындардың жылы лебізіне ие болды.








