
Алмалы ауданында тұрғындарды, еріктілерді және коммуналдық қызметкерлерді біріктіретін экологиялық акциялар игі дәстүрге айналды. Кезекті сенбілік барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға және аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Бұл жолғы эко-маршрут Абай даңғылы – Ислам Кәрімов көшесі – Қабанбай батыр көшесі – Қарасу көшесі аумағын қамтыды. Белгіленген жиналу орнынан басталған акция барысында қатысушылар маршрут бойымен жүріп өтіп, аулалар, жаяу жүргіншілер жолдары, жасыл аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді қоқыстан тазартып, санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акцияға коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері, белсенді еріктілер және ауданның бейжай қарамайтын тұрғындары қатысты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде тұрмыстық қалдықтар жиналып, тұрғындар күнделікті пайдаланатын қоғамдық аумақтар ретке келтірілді.
Мұндай экологиялық іс-шаралар ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және ортақ іске жұмылуына ықпал етеді. Бұл – қаламызды таза, көрікті әрі жайлы ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Алмалы ауданының абаттандырылуына өз үлесін қосқан барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз әрбір тұрғын үшін қолайлы әрі таза қалалық ортаны қалыптастырып келеміз.









