24 қарашада Жезқазған қаласында «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» республикалық фестиваль-көрмесі өтті. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шара ұлттық киіну мәдениетін жаңғыртуға, дәстүр мен заманауи сәнді сабақтастыруға және отандық дизайнерлердің шығармашылығын қолдауға бағытталды.
Фестивальге Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларынан арнайы қонақтар, дизайнерлер мен ұлттық өнердің жанашырлары келді.
Іс-шараның құрметті қонақтары – белгілі журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Тұрар Сәттарқызы және «OTANDYQ SAN UII» сән үйінің негізін қалаушы Нұргүл Кенжебаева ұлттық болмыс, дәстүр сабақтастығы және ұлттық киімнің қоғамдағы орны туралы ойларымен бөлісті.
Сән көрсетілімінде Гүлнара Досенбаева, Гүлнұр Жарылханова, Дана Марленқызы және Нұргүл Кенжебаеваның авторлық топтамалары, сондай-ақ «LEBIZ» брендінің жібек орамалдары таныстырылды. Ақтөбеден келген «60+» жобасының 10 қатысушысы ұсынған ерекше дефиле көрермендердің ықыласына бөленді.
Көрме-жәрмеңкеде ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар мен қолөнер туындылары ұсынылып, кесте тігу және орамал тағу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Дәстүрге айналып келе жатқан фестиваль ұлттық мұраны дәріптеп, отандық сән өнері мен қолөнер шеберлерінің шығармашылығын танытатын маңызды мәдени алаңға айналуда.
Ұлттық киім – ұлттың болмысы, тарихы мен мәдени мұрасы!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









