Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті·Жаңалықтар мұрағаты
Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету тәртібі
Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – АОЖБ) сәйкес жүзеге асырылады.
1. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беру тәртібі
Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге арналған құжаттарды рәсімдеу мемлекеттік қызметін алу үшін өтініш беруші:
• «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО);
• тұрғылықты жері бойынша қалалық басқармаға;
• жұмыспен қамту бөліміне;
• электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүгіне алады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет проактивті тәсілмен (SMS-хабарлама арқылы) көрсетіледі.
2. Мемлекеттік қызметті алу үшін қажетті құжаттар
Өтініш беруші белгіленген нысандағы өтінішті және мүгедектігі бар адамның жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты ұсынады.
Өтінішті қабылдау кезінде жауапты қызметкерлер мүгедектігі бар адамның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен:
• жеке басты куәландыратын құжат туралы;
• мүгедектіктің белгіленуі туралы;
• АОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтерді алады.
Жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдар өтініш берген кезде:
• өндірістегі мүгедектікке алып келген жазатайым оқиға туралы;
• кінәсінен жұмыста мертігуге ұшырау немесе кәсіптік ауруға шалдығу орын алған жұмыс берушінің – дара кәсіпкердің қызметін тоқтатуы немесе заңды тұлғаның таратылуы туралы қосымша мәліметтер сұратылады.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдары және оларға теңестірілген адамдар өтінішке тиісті куәліктерін қоса ұсынады.
Цифрлық жүйелерде қажетті мәліметтер болмаған жағдайда өтінішке тиісті құжаттардың көшірмелері және салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары қоса беріледі. Құжаттардың көшірмелері жауапты қызметкермен куәландырылғаннан кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
3. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі
Құжаттарды тапсыру кезінде өтініш берушіге:
• Мемлекеттік корпорацияда – тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат;
• қалалық басқармаларда және жұмыспен қамту бөлімдерінде – өтініштің тіркелген күні, мемлекеттік қызметті алу күні және құжаттарды қабылдаған қызметкердің аты-жөні көрсетілген талон беріледі.
Өтініште немесе ұсынылған құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталған, құжаттардың нысаны мен мазмұны белгіленген талаптарға сәйкес келмеген немесе құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету процесі уақытша тоқтатыла тұрады.
Бұл жағдайда өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданып, өтініш берушіге тиісті хабарлама жіберіледі. Тікелей жүгіну кезінде ұсынылған құжаттар өтініш берушіге қайтарылады.
Анықталған кемшіліктерді жою үшін өтініш берушіге 2 (екі) жұмыс күні беріледі. Аталған мерзім мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне кірмейді.
Тікелей жүгіну кезінде кемшіліктер жойылған жағдайда өтініш берушінің бастапқы жүгінген күні сақталып, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің өтуі қайта жалғасады.
Кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда тікелей жүгінген өтініш берушіге құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда қалалық басқарма немесе жұмыспен қамту бөлімі құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
Мемлекеттік корпорацияның құжаттарды қабылдаған күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Мемлекеттік корпорация өтініш берушіні мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі туралы SMS-хабарлама арқылы хабардар етеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі Мемлекеттік корпорацияда бір ай бойы сақталады. Бір ай өткеннен кейін өтініш беруші жүгінген жағдайда дайын құжаттар тиісті мекемеден Мемлекеттік корпорацияға бір жұмыс күні ішінде жіберіледі.
4. Проактивті мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
Мүгедектігі бар адамның АОЖБ-да кресло-арбамен қамтамасыз ету көзделген жағдайда тиісті мәліметтер автоматты түрде «Е-Собес» ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
Жұмыспен қамту бөлімінің маманы аталған жүйе арқылы қызмет алушының ұялы телефонына мемлекеттік қызметті алу туралы ұсыныспен SMS-хабарлама жібереді.
Қызмет алушы тиісті кодты SMS-хабарлама арқылы жіберу жолымен мемлекеттік қызметті алуға келісімін немесе бас тартуын растайды.
Проактивті қызмет көрсетуге келісім алынған жағдайда қызмет алушыға құжаттардың рәсімделгенін растау туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Келісім алынған күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі келісім алынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.
Қызмет алушыдан жауап болмаған жағдайда сұрау салу жіберілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сұрау жойылады. Бұл ретте азаматқа кресло-арба беру үшін құжаттарды рәсімдеудің мүмкін еместігі және Мемлекеттік корпорацияға, қалалық басқармаға немесе жұмыспен қамту бөліміне жүгіну қажеттілігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет көрсету барысында қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен автоматты түрде алынады.
5. Электрондық үкімет веб-порталы арқылы мемлекеттік қызмет алу тәртібі
Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші электрондық үкімет веб-порталы арқылы белгіленген нысандағы өтінішті қалалық басқармаға немесе жұмыспен қамту бөліміне жолдайды.
Өтініш беру кезінде мүгедектігі бар адамның ЖСН арқылы жеке басты куәландыратын құжат, мүгедектіктің белгіленуі және АОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтер автоматты түрде қалыптастырылады.
Цифрлық құжаттарды алу порталда тіркелген ұялы телефон арқылы бір реттік пароль немесе SMS-хабарлама көмегімен жүзеге асырылады.
Өтініш қабылданғаннан кейін өтініш берушінің жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе жіберіледі.
Өтініште немесе құжаттарда кемшіліктер анықталған жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету процесі уақытша тоқтатылып, өтініш берушіге веб-портал арқылы тиісті хабарлама жіберіледі. Кемшіліктерді жою үшін екі жұмыс күні беріледі.
Ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда өтініш бес жұмыс күні ішінде қаралады.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат түрінде өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.
6. Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ерекшеліктері
Мүгедектігі бар адамдар бір мезгілде:
• бөлмеде пайдалануға арналған кресло-арбамен және серуендеуге арналған кресло-арбаның бір түрімен;
• не әмбебап кресло-арбаның бір түрімен;
• не кресло-каталканың бір түрімен қамтамасыз етіледі.
Бөлмеде пайдалануға және (немесе) серуендеуге арналған кресло-арбаны әмбебап кресло-арбаға немесе кресло-каталкаға ауыстыру олардың біреуінің ауыстыру мерзімі өткеннен кейін жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне шағымдану тәртібі
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша қабылданған шешімдермен, лауазымды адамдардың әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда өтініш беруші шағымдануға құқылы.
Қалалық басқармалардың, жұмыспен қамту бөлімдерінің және Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым тиісті мекеменің басшысының атына беріледі.
Келіп түскен шағымдар «Электрондық өтініштер» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, өтініш берушіге тиісті талон беріледі.
Жұмыспен қамту бөліміне немесе Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен шағым үш жұмыс күнінен кешіктірілмей әкімшілік іспен бірге шағымды қарайтын органға жолданады. Егер осы мерзім ішінде шағымда көрсетілген талаптар толық қанағаттандырылса, шағымды жоғары тұрған органға жолдамауға жол беріледі.
Қалалық басқармалар мен жұмыспен қамту бөлімдеріне келіп түскен шағымдар тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралады.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдануға құқылы. Аталған органға келіп түскен шағымдар 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралады.
Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








