Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытуға және халыққа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Жоба аясында аурухана ғимаратын кешенді жаңартып, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне заманауи әрі қолайлы жағдай жасау көзделген. Атап айтқанда, ескі конструкцияларды бөлшектеу, аспалы төбелер мен жаңа есіктер орнату, қабырғаларды әрлеу және сырлау, электрмен жабдықтау желілерін жаңарту, желдету жүйесін орнату, аурухана аумағын абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары қарастырылған.
Алдағы уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекемеге ауданаралық аурухана мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл аурухананың қызмет көрсету аясын кеңейтіп, Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен қатар, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін қоса алғанда, жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде тұрғындар қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын маңнан алып, емделу үшін басқа қалаларға бару қажеттілігі азаяды.
Аурухананы жаңғырту ауылдық денсаулық сақтау саласының әлеуетін нығайтуға, заманауи ауданаралық медициналық инфрақұрылымды қалыптастыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.





