Таеквондодан әлемдік Гран-при финалы: ел намысын қорғайтын спортшылар ашық жаттығу өткізді

    1 / 6

    Астанада 27–29 қараша күндері таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалы алғаш рет өтеді. Осы орайда ел намысын қорғайтын жерлестеріміз жарыс алдындағы шешуші жаттығуларын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Деңгейі жағынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатынан кейін тұратын Гран-При сериясы финалында 35 мемлекет бас қосып, оның ішінде 6 Олимпиада чемпионы, 13 Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, 15 әлем чемпионы мен 20 жүлдегері сынға түседі. Бәсеке Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

    Бұл додада Қазақстан атынан жақында ғана жазғы Азия ойындарында тарихи алтын жүлдені жеңіп алған Темірлан Тілеулес (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі), Рита Бакишева (49 келі) және Мария Севостьянова (57 келі) сынға түседі. Финал сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде өтеді және әр салмақта тек үздік 16 спортшы жүлдені сарапқа салады. G-10 санатындағы турнирде алтын жүлдеге 100, күміске 60, қолаға 36 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына іріктелу үшін маңызды.

    «Өз жерімде осындай ірі жарыстың өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұйырса, мені қолдауға отбасым, жақындарым келеді. Кезекті мәрте таеквондо тарихын жаңартқым келеді. Қарсыластарыма келетін болсақ, бірінші айналымда-ақ әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Аболфазл Зандимен (Иран) күш сынасамын. Екеуміз Азиадада жолығып, мен басым түскен едім. Енді осы жолы да жақсы дайындықпен келдім», – деді Темірлан Тілеулес.

    Айта кетейік, бұған дейін Гран-При сериялары Рим (Италия), Муджу (Оңтүстік Корея), Париж (Франция) қалаларында өтіп, Қазақстаннан 49 келідегі Айдана Құмартаева мен 57 келідегі Мария Севостьянова қола жүлдені еншілеген еді.

    Одан бөлек, елорда төрінде Қазақстан атынан пара таеквондодан 7 отандасымыз бақ сынайды.
    «20-22 қараша күндері ғана Оңтүстік Кореяда өткен пара таеквондода 1 алтын, 1 қола жүлде жеңіп алдық. Енді міне қысқа ғана аралықта финалдық Гран-Приге қатысқалы жатырмыз. Құрамадан 7 пара спортшы (4 ер, 3 әйел) өнер көрсетеді. Әлемдегі ТОП-8 пара спортшы шақырту алғандықтан, әр қарсылас оңайға соқпайды. Әйтсе де құрамадағы жастарымыз бірінші белдесуінде рейтингте көшбасшыларды жеңіп, сенсация жасауға қауқары бар», - деп пара таеквондодан ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Есілбаев пікір білдірді.

    27 қараша күні Гран-при сериясын пара таеквондошылар бастаса, 28-29 қарашада таеквондошылар сынға түседі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары