29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында аумақтық сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасау мақсатында семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруына қолайлы жағдай қалыптастыру, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және дауыс беру барысында туындауы мүмкін кедергілердің алдын алу мәселелерін талқылау.
Семинар-кеңесте Департамент басшысы А. Оразбеков және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы С. Төрегелдиев баяндама жасап, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау учаскелерінде кедергісіз орта қалыптастыру және инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сайлау процесінде тең мүмкіндіктер жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген бірқатар азамат марапатталды.
Кедергісіз орта қалыптастыру – әрбір азаматтың құқығын құрметтеуден басталады. Ал сайлауға тең қатысу – демократиялық қоғамның маңызды қағидаттарының бірі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








