Астанада жол қозғалысы мәдениетін арттыру, тәртіпті жүргізушілерді ынталандыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын азаматтарды қолдау мақсатында "Үлгілі жүргізуші – 2026" акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында жылдың басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзбаған және жол-көлік оқиғаларына қатыспаған жүргізушілер іріктелді. Акцияның басты мақсаты – жолда жоғары жауапкершілік танытып, өзгелерге үлгі болған азаматтарды көпшілікке таныту.
Марапаттау рәсімінде үздік жүргізушілерге Астана қаласы полиция департаментінің атынан алғысхаттар, күнделіктер және автокөлікке жапсыруға арналған "Үлгілі жүргізуші" арнайы жапсырмалары табысталды.
Сонымен қатар акцияға қолдау білдірген автомектептер қатысушыларға арнайы сертификаттар мен автокөлік жүргізушілеріне арналған сөмкелер сыйға тартты.
Мұндай бастамалар жол қозғалысына қатысушылар арасында өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жол ережелерін сақтаудың маңызын арттыруға бағытталған.
Жол қауіпсіздігі тек полиция қызметкерлерінің жұмысына ғана емес, әрбір жүргізушінің тәртібі мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – өз өмірі мен денсаулығын ғана емес, өзге адамдардың да қауіпсіздігін қорғаудың маңызды шарты.
Полиция барлық жүргізушіні жолда мұқият болуға, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға шақырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









