ӨҚМ жұмыстардың барлық кезеңінде отандық материалдарды пайдалануды көздейтін шаралар қабылдауда

    Қазақстанда 2023 жылдан бері 4,6 трлн теңгенің 670 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Отандық кәсіпорындар шамамен 6 трлн теңгенің өнімін өндірді, оның үштен біріне жуығы экспортталды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 жобаны іске асырып, нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 130 жобасы іске қосылды. Жаңа кәсіпорындар негізінен құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және тамақ өнеркәсібі салаларында ашылды. Инвестициялардың ең көп көлемі машина жасау саласына (шамамен 1 трлн теңге), сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне (760 млрд теңгеден астам) жұмсалды.

    «Жаңа өндіріс орындарын іске қосудан бөлек, экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі стратегиялық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай 17 жобаны іске асыру басталды, оның 9-ын министрлік үйлестіреді. Екі жоба өткен жылы іске қосылды. Олар – KIA Qazaqstan автомобиль зауыты және Astana Motors көп брендті автомобиль зауыты. Келесі жылдың басында тағы бір жобаны – Павлодар облысында жылына 160 мың тонна темір мен болат өндіретін зауыттың бірінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, агрохимия және түсті металлургия салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

    Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде отандық құрылыс материалдарының қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүзеге асыру көзделіп отыр.

    «Құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету және оларды импорттық өніммен негізсіз алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Осы орайда Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпараттар жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде ескеріледі. Осылайша, құрылыс барысында отандық құрылыс материалдарының пайдаланылу ісі барлық кезеңде цифрлық бақылауда болады», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" жаңалықтары