Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасына барып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды тексерді. Өндірістік тәуекелдердің алдын алудың заманауи технологияларын және цифрлық бақылау жүйелерін енгізуге назар аударылды.
Жоба отандық тау-кен металлургия саласындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Шахта 2024 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылды.
Шахта Миллионное және Алмаз-Жемчужина кен орындарын және алты жерасты горизонтын қамтиды. Оның аумағында ұзындығы бір шақырымнан асатын Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны орналасқан. Өндіріс жылына 7 млн тоннадан астам кен өндіруге қауқарлы. Жобаны жүзеге асыруға салынған инвестициялар шамамен 1 трлн теңгеге бағаланады. 1,8 мың жұмыс орны ашылды.
«Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков қолданыстағы кен өндіру технологиялары мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілуде. Шахтада қол еңбегінің үлесін азайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи, жоғары өнімді кен өндіру жүйелері мен өздігінен жүретін арнайы техника қолданылады. Персонал мен жабдықтың орналасқан жерін бақылау үшін интеллектуалды жерасты позициялау жүйесі қолданылады. Технологиялық шешімдерді әзірлеу үшін Қазақстан мен шет елдердің салалық ғылыми ұйымдары тартылып, шахта кеңістігіндегі қауіпті газдарды алдын ала шығару жобасы әзірленді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс ғылыми зерттеулерді, цифрлық модельдеуді және заманауи инженерлік шешімдерді енгізуді қамтиды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








