Павлодар облысында 51 ауылдық округ алкогольсіз өмір салтын таңдады

    Павлодар облысындағы 51 ауылдық округте алкоголь сатудан бас тартылды.

    Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция ведомствосы қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Куркебаев қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

    Оның айтуынша, өңірде тіркелген қылмыстардың жалпы саны, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар азайған. Сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда, алкогольдік масаң күйде, кәмелетке толмағандар арасында және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтар саны төмендеген.

    – Алдын алу шаралары аясында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені және мас күйінде жүргені үшін 9003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 440 кәсіпкер жазаланды. Сонымен қатар 51 ауылдық округтегі дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартты. Олардың әрқайсысымен үшжақты меморандум жасалды, – деді Азамат Куркебаев.

    Сондай-ақ спикер жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды бақылау үшін 50 электронды бақылау білезігі сатып алынғанын хабарлады.

    Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 4656 құқық бұзушылық анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Учаскелік полиция инспекторлары 3674 қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтінішхаттары негізінде соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 1069 ерекше талап белгіледі. Оның ішінде 1059 жағдайда алкогольдік ішімдік ішуге шектеу қойылса, 301 жағдайда психологиялық көмек алу міндеттелген.

    Полиция кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасылар арасында да профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 1459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың тұрғынжайдан тыс жерде және заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2737 адам жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, балалардың түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол берген 58 кәсіпкерге шара қолданылды.

    – Қоғамдық қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әр азаматтың заң талаптарын сақтауы халықтың тыныштығы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ертіс өңірінің полицейлері құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады, – деп түйіндеді сөзін Азамат Куркебаев.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары