Монреальда өтіп жатқан ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясы аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сингапурдың Азаматтық авиация басқармасының (CAAS) бас директоры Хан Кок Джуанмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы қазақстандық-сингапурлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, аэронавигация, цифрландыру және авиациялық кадрларды даярлау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды талқылады.
Талғат Ластаев ағымдағы жылдың қазан айынан бастап SCAT әуе компаниясы аптасына екі рет жиілікпен орындайтын Шымкент – Санья – Сингапур бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Ол бұл бағыттың ашылуы Қазақстан мен Сингапур арасындағы көліктік байланысты нығайтудағы маңызды қадам болғанын, сондай-ақ туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететінін баса айтты.
Вице-министр Қазақстанның халықаралық маршруттық желіні одан әрі кеңейтуге және еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға стратегиялық мүдделілігін атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тарап Сингапурмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде әуе рейстерінің географиясы мен жиілігін кеңейту арқылы өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.
Тараптар сондай-ақ екі ел арасында тікелей тұрақты рейстерді ашу перспективаларын талқылады. Талғат Ластаев сингапурлық әуе компанияларын Қазақстанға, атап айтқанда Астана мен Алматы қалаларына ұшуларды орындау мүмкіндігін қарастыруға шақырып, аталған бағыттардың іскерлік және туристік сапарлар үшін әлеуеті зор екенін атап өтті.
Авиациялық реттеу, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және авиациялық мамандардың біліктілігін арттыру саласында Сингапурмен тәжірибе алмасуға Қазақстанның мүдделілігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, әуе байланысын кеңейтуге және азаматтық авиация саласында жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға сенім білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









