Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада өт-тас ауруының асқынған түрімен түскен науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетілуде. 2026 жылдың басынан бері ауруханаға осы диагнозбен 921 науқас түсіп, 864 науқасқа хирургиялық операция жасалған.
Сонымен қатар, өт жолдарын қалпына келтіру мақсатында эндоскопиялық ретроградты холангиопанкреатография (ЭРХПГ) және эндоскопиялық папиллосфинктеротомия (ЭПСТ) әдістерімен 97 емдік манипуляция орындалды.
Аурудың асқынған түрімен түскен науқастардың бірі – 48 жастағы азамат ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Тексеру барысында өт қабының қатты қабынып, іріңдеп, жарылғаны анықталды. Науқастың жағдайына байланысты дәрігерлер шұғыл түрде реанимациялық көмек көрсетіп, аурухана бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Тайбек Сыдықовтың жетекшілігімен лапароскопиялық әдіспен күрделі операция жасалды.
Мамандардың айтуынша, кейбір науқастар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермей, өздігінен емделуге, соның ішінде шөп тұнбалары мен дәлелденбеген емдеу тәсілдеріне жүгінеді. Ал мұның соңы медициналық көмекке кеш жүгінуге және аурудың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Сондықтан, дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








