Есет Байкен Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 10

    Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы және халықты толғандыратын өзекті мәселелерді талқылады. Бұл туралы облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Кездесуде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз болды. Атап айтқанда, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру мақсатында сумен жабдықтау жүйелері мен электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.

    Биыл Сарысу ауылдық округіне қарасты Жыланды елдімекеніне апаратын ұзындығы 21,3 шақырым автомобиль жолын асфальттау жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі 2,7 шақырым жол жөнделді.

    Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 51 шақырымды құрайтын Қарсақбай – Байқоңыр автомобиль жолының 45 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді.

    Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автомобиль жолының Ұлытау елдімекенінен Қостанай облысының шекарасына дейінгі 109 шақырымдық бөлігінде де орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөнделген учаскеде көлік қозғалысы толық ашылды.

    Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ұлытау ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын 20 төсек-орындық аудандық аурухана мен жабық бассейн салынып жатыр.

    Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға да басымдық берілген. Мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, шаруа қожалықтарын қолдау және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бойынша шаралар қабылдануда.

    «Ұлытау облысының қалалары мен аудандарының тұрғындарымен кездесулерімді жалғастырып келемін. Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездестім. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын және халықты толғандыратын өзекті мәселелерді талқыладық», – деп жазды облыс әкімі.

    Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

    «Кездесу барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдадым. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырма бердім. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуін және жоспарланған жобалардың сапалы жүзеге асырылуын жеке бақылауымда ұстаймын», – деп атап өтті Есет Байкен.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары