Бала тууға және бала күтіміне арналған жәрдемақы тағайындау

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығына сәйкес бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақыны және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау тәртібі бекітілген.

    Балалары бар адамдарға (отбасыларға) берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлері қарастырылған:

    1. Бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала туғанда берілетін жәрдемақы);

    2. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала күтіміне байланысты жәрдемақы).

    Бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, бала бір жарым жасқа толған күнді қоса алғанда тағайындалады.

    Асырап алынған немесе қамқоршылыққа алынған балалары бар адамдарға (отбасыларға) жәрдемақы соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылықты (қорғаншылықты) белгілеу туралы бұйрық қабылданған күннен бастап, бала бір жарым жасқа толғанға дейін тағайындалады.

    Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар ескеріледі. Егер басқа ата-ананың отбасында есепке алынбаған болса, өгей балалар да отбасы құрамына енгізіледі.

    Бұл ретте ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар отбасы құрамында ескерілмейді.

    Егер бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін күтім жөніндегі жәрдемақыны тағайындауға өтініш берілсе, жәрдемақы бала қайтыс болған айды қоса алғанда тағайындалады.

    Қандастарға бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

    Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

    Жәрдемақы тағайындау үшін қайда жүгіну қажет?

    Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші:

    • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына;

    • электрондық үкімет порталына;

    • екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға жүгіне алады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары