Ақтөбе облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны артты

    1 / 3

    Ақтөбе облысында алкоголь өнімдерін сату және тұтынудан ерікті түрде бас тарту бастамасын қолдаған ауылдар саны тағы 25 елді мекенмен толығып, 59-ға жетті.

    Бүгінде аталған ауылдарда жалпы саны 14 616 тұрғын тұрады.

    Атап айтқанда, бастаманы Әйтеке би ауданында – 4, Алға ауданында – 3, Байғанин ауданында – 6, Ырғыз ауданында – 2, Мұғалжар ауданында – 8, Темір ауданында – 7, Ойыл ауданында – 4, Қобда ауданында – 4, Мәртөк ауданында – 9, Шалқар ауданында – 9, Қарғалы ауданында – 2 және Хромтау ауданында 1 ауыл қолдады.

    Өңірде бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып 2017 жылы Ойыл ауданының Қарасу ауылы қолдағанын, айтып өткег жөн.

    Облыс әкімдігі құқыққорғау және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, бастаманың аясын кеңейту, ауыл тұрғындары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі жұмыс атқаруда.

    Жүргізілген талдау нәтижесінде соңғы бес жылда аталған елді мекендерде қылмыс тіркелмегені анықталды. Сонымен қатар ішімдікті тұтынудан бас тартқан ауылдарда тұрмыстық жанжалдар мен құқықбұзушылықтардың азайғаны, қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігінің нығайғаны байқалады.

    Ауылдардың дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғырту, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

    Бұдан бөлек, биылғы жылы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында облыста 960-қа жуық спорттық және мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Оған 133 мыңнан астам жас қатысты.

    Бастаманың негізгі мақсаты – ауылдарда қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру, халық денсаулығын сақтау және салауатты өмір салтын орнықтыру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ырғыз ауданы әкімдігі" жаңалықтары