Маңғыстау облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер қылмысының алдын алу шаралары талқыланды.
Ақтау қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Аманкелді Досжанов, облыс прокуроры Серікқали Көшалиев, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, білім беру саласының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылық пен буллингке жол бермеу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Аманкелді Досжанов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстарды жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.
Кеңес барысында полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Серік Айдаров кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балаларға қатысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Атап айтқанда, жасөспірімдер қылмысының туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайлар, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері кеңінен қаралды.
Полиция өкілдері профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және полиция, білім беру ұйымдары мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныс енгізді.
Полиция департаменті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер қылмысының алдын алу ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы алдағы міндеттерді талқылады.
Полиция ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, олардың араласатын ортасына, әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен мінез-құлқына назар аударуға, сондай-ақ буллинг, зорлық-зомбылық және құқыққа қайшы әрекеттердің кез келген белгілеріне дер кезінде ден қоюға шақырады.
Балалардың қауіпсіздігі – отбасының, мектептің, қоғамның және құқық қорғау органдарының ортақ жауапкершілігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









