ТҮРКІСТАНДА «ОЙ ОЯТҚАН КІТАП» ТАҚЫРЫБЫНДА TEDх ФОРМАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

    1 / 4

    Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Ой оятқан кітап» тақырыбында TEDx форматындағы кездесу өтті. Іс-шараны кітапхана директоры Жанат Шардарбекова жүргізді. Басқосуда кітап оқудың адам өміріндегі маңызы, оқу мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық қоғамдағы саналы оқудың рөлі және жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру жолдары кеңінен талқыланды. Кездесу барысында «Фараб» кітапханасының әдіскері Айжан Балқыбекова «Бір кітап. Мың ой. Жаңа көзқарас» тақырыбында баяндама жасап, кітаптың адам дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытудағы маңызына тоқталды. Ал кітапхананың «Балалар» бөлімінің сектор меңгерушісі Балнұр Жетпісбай «Оқитын ұрпақ – озық ойлы қоғам» тақырыбында сөз сөйлеп, «Ақылдыммен ақылдымын» байқауының мүмкіндіктері мен балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттырудағы тәсілдер туралы баяндады.

    Ақын, «Шабыт» жастар сыйлығының лауреаты Асылзат Арыстанбек «Мидың құдіреті» тақырыбында ой қозғап, кітап оқудың адам санасы мен зияткерлік дамуына ықпалын сөз етті. ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист Төребек Байтасов «Ақпарат көп, ой терең бе? Кітап оқудың жаңа мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, ақпарат ағыны күшейген заманда терең ойлау мен мазмұнды оқудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің қызметкері Дінмұхамед Байжұма кітап оқудың адам санасы мен дүниетанымына әсерін философиялық тұрғыдан талдады. Ақын, ұстаз Арқалық Әмәлиятұлы «Ұстаз сөзі, ақын жүрегі, ұлт болашағы» тақырыбында сөз сөйлеп, ұстаз бен әдебиеттің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

    Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов «Кітаптан күшті рух жоқ» тақырыбында ой өрбітіп, кітаптың рухани құндылықтарды сақтаудағы және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын айтты. Басқосуда кітапты тек ақпарат көзі ретінде емес, адамның ой-өрісін кеңейтетін, рухани дүниесін байытатын және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды құрал ретінде насихаттау қажеттігі атап өтілді.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Қарғалы ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары