Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасында алғаш рет Құзыреттер орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа орталық созылмалы және сирек кездесетін аурулары бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мұнда қабынбалы ішек, аутоиммундық, нейродегенеративтік және орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеу қарастырылған. Күрделі клиникалық жағдайлар бейінді мамандардың бірлескен қатысуымен қаралып, әр пациентке қажетті медициналық көмек көрсету көзделген.
Орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі – аурулардың асқынуының алдын алу және заманауи емдеу әдістерін қолдану. Атап айтқанда, пациенттерге биологиялық терапия жүргізу, телемедициналық кеңес беру және аурумен күресу жолдары бойынша оқыту жұмыстары ұйымдастырылады.
Жаңа орталықтың ашылуы созылмалы әрі сирек кездесетін дертке шалдыққан азаматтарға мамандандырылған көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар күрделі ауруларды ерте анықтау, емдеу тәсілдерін жетілдіру және пациенттерді тұрақты бақылау бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









