МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰЖАТТАМАНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САРАПТАМА ЖҮРГІЗУДЕГІ РӨЛІ

    МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰЖАТТАМАНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САРАПТАМА ЖҮРГІЗУДЕГІ РӨЛІ

    Медициналық құжаттама медициналық-әлеуметтік сараптаманың (МӘС) маңызды негізі болып табылады. Ұсынылған мәліметтер негізінде мамандар адамның денсаулық жағдайын, организм функцияларының бұзылу дәрежесін және аурудың күнделікті өміріне әсерін бағалайды.

    1. МӘС жүргізу кезінде қандай медициналық құжаттар ескеріледі?

    МӘС-ке жолдау кезінде мынадай құжаттар ескеріледі:

    * дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытындысы;
    * амбулаториялық және стационарлық медициналық құжаттамадан үзінді көшірмелер;
    * зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері;
    * бейінді мамандардың қорытындылары;
    * жүргізілген емдеу және оңалту туралы мәліметтер.

    Бұл құжаттар адамның денсаулық жағдайы мен аурудың салдары туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.

    2. Медициналық құжаттама негізінде не бағаланады?

    Медициналық мәліметтер мыналарды анықтауға көмектеседі:

    * организм функцияларының тұрақты бұзылу сипаты мен дәрежесін;
    * өзіне-өзі қызмет көрсету және өз бетінше жүріп-тұру қабілетін;
    * білім алу және еңбек ету мүмкіндіктерін;
    * бөгде адамның көмегіне, күтіміне және оңалтуға қажеттілігін.

    Айта кету керек, белгілі бір диагноздың болуы өздігінен мүгедектікті белгілеуге сөзсіз негіз болып табылмайды. Шешім белгіленген өлшемшарттарға сәйкес кешенді бағалау нәтижесінде қабылданады.

    3. Құжаттарды дұрыс ресімдеу неліктен маңызды?

    Медициналық құжаттама мынадай талаптарға сай болуы керек:

    * Толықтық — қажетті тексерулер мен мамандардың қорытындыларының болуы.
    * Дұрыстық — мәліметтердің адамның нақты денсаулық жағдайына сәйкес келуі.
    * Негізділік — функционалдық бұзылыстарды растайтын медициналық деректердің болуы.
    * Сабақтастық — аурудың динамикасы мен емдеу нәтижелерінің көрсетілуі.

    Бұл ретте тек диагнозды ғана емес, сонымен қатар қозғалыс көлемінің шектелуі, жүрістің бұзылуы немесе физикалық жүктемені көтере алмау сияқты нақты функционалдық бұзылыстарды көрсету маңызды.

    4. Медициналық құжаттама ОЖБ әзірлеуде қандай рөл атқарады?

    Медициналық мәліметтер адамның әлеуметтік қорғау және оңалту шараларына деген жеке қажеттіліктерін анықтауға көмектеседі. Оларға мыналар жатады:

    * медициналық оңалту;
    * протездік-ортопедиялық көмек;
    * сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдар;
    * арнайы жүріп-тұру құралдары;
    * организмнің бұзылған функцияларын өтеуге бағытталған басқа да іс-шаралар.

    5. Медициналық ұйымдар мен МӘС бөлімшелерінің өзара іс-қимылы

    Медициналық ұйымдар азаматтарды тексеруді, емдеуді және МӘС-ке жолдау үшін құжаттарды дайындауды қамтамасыз етеді. МӘС бөлімшелері ұсынылған мәліметтерге сараптамалық бағалау жүргізіп, өз құзыреті шегінде шешім қабылдайды.

    Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тексерудің толықтығы, МӘС-ке жолдаудың негізділігі және медициналық құжаттаманың сапалы ресімделуі үшін жауапкершілік медициналық ұйымның ДКК төрағасына жүктеледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті" жаңалықтары