Отбасы – адам бойына ізгілік пен адамгершіліктің дәнін себетін алтын ұя. Ұлттық тәрбие – ұрпақтың тамыры, ал отбасыдағы сыйластық пен мейірім – берекелі қоғамның берік іргетасы.
Осы маңызды құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Целиноград ауданының Ішкі саясат бөлімі мен Аналар алқасының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар – отбасы бақыты мен зорлық-зомбылықсыз қоғамның негізі» тақырыбында аудандық ашық алаң форматындағы семинар өтті.
Тағылымды басқосудың басты мақсаты – ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, отбасы институтының қоғамдағы маңызын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Сонымен қатар өзара құрмет, сенім мен жауапкершілікке негізделген отбасылық қарым-қатынасты қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиынның ашылуында Целиноград ауданы әкімі аппаратының басшысы Альбина Сайдғалиқызы Махамбетова сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде отбасы тәрбиесінің қоғам дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру баршамызға ортақ міндет екенін жеткізді.
Семинарға арнайы шақырылған қонақтар қатарында қоғам қайраткері, белсенді азаматтық ұстанымымен танылған Ләззат Амангелдіқызы Қоңырбаева және Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің психологі Назира Әбжанқызы Әбибуллаева болды.
Тағылымды кездесуді ұлағатты ұстаз, тәжірибелі педагог, қоғам қайраткері, Целиноград ауданының Құрметті азаматы, Ақмола облысы Аналар кеңесінің сарапшысы, аудандық Әжелер кеңесінің төрайымы Зауре Балуанқызы Қакабаева жүргізді.
Семинар аясында төрт маңызды тақырып кеңінен талқыланды.
🔹 «Әже мектебі – салт-дәстүрдің алтын діңгегі»
Бұл бағытта әженің отбасындағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесі, ана мен балаға қолдау көрсету, ұлттық салт-дәстүрді сақтау мәселелері қозғалды. Әже мектебі – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен тәлім-тәрбиесінің асыл қазынасы екені айтылды.
🔹 «Ұл тәрбиесі – ұлт қорғаны, қыз тәрбиесі – ұлт айнасы»
Ұл мен қыз тәрбиесіндегі ұлттық ұстанымдар, адамгершілік, ар-намыс, жауапкершілік пен ізеттілік мәселелері сөз болды. Қыз баланың қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі, ұл баланың азаматтық жауапкершілігі, ұлттық тәрбие мен бүгінгі заман талаптарының сабақтастығы талқыланды.
🔹 «Жас отбасылар: сенім мен сыйластық көпірі»
Жас отбасылардағы өзара түсіністік, ерлі-зайыптылар арасындағы құрмет, ортақ жауапкершілік пен отбасылық келісімнің маңызына тоқталды. Шаңырақтың беріктігі тек материалдық жағдаймен емес, ең алдымен сүйіспеншілік, сенім, сабыр мен сыйластық арқылы қалыптасатыны атап өтілді.
🔹 «Зорлық-зомбылықтың тамыры: себеп пен салдар»
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдары, оның бала психологиясына тигізетін кері әсері, отбасындағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру және оның алдын алу жолдары талқыланды. Әр адамның құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеу – өркениетті қоғамның басты қағидаты екені ерекше айтылды.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ашық пікір алмасу ұлттық тәрбие, отбасылық жауапкершілік және қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды әңгімеге ұласты.
Іс-шараның мазмұнын ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесі де толықтырды. Көрмеге халқымыздың дәстүрлі қолөнер туындылары, сәндік бұйымдар мен ұлттық өнер үлгілері қойылды. Бұл – ата-бабадан аманат болып жеткен асыл мұраны дәріптеп, оны келер ұрпаққа жеткізудің жарқын көрінісі.
Басқосу соңында отбасы құндылықтарын сақтау, шаңырақтың берекесі мен бірлігін нығайту, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру – баршамыздың ортақ парызымыз екені атап өтілді.
Отбасыдағы тәрбие – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Әженің батасы, ананың мейірімі, әкенің өнегесі мен баланың тәрбиесі – елдігіміздің берік тірегі.
Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат, отбасы бақыты – ел болашағының кепілі!
Берекелі отбасы көбейсін, әр шаңырақта татулық пен сыйластық салтанат құрсын!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









