Баласының денсаулығында күрделі мәселе анықталған ата-аналар жиі мынадай сұрақ қояды: «Баламда ауыр дерт бар. Неліктен бұл мүгедектік белгілеу үшін жеткіліксіз?»
Мұның себебі — медициналық диагноз бен мүгедектік ұғымдары бірдей емес. Аурудың болуы өздігінен баланы мүгедектігі бар адам деп тануға негіз бола алмайды. Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) барысында аурудың атауы ғана емес, оның бала денсаулығына және күнделікті өміріне тигізетін әсері де бағаланады.
Диагноз — жалғыз өлшемшарт емес
Медициналық диагноз баланың белгілі бір ауруы немесе денсаулық жағдайы бар екенін растайды. Алайда МӘС жүргізу кезінде мамандар осы аурудың ағза функцияларының тұрақты бұзылуына әкелген-әкелмегенін және оның баланың тіршілік әрекетін қаншалықты шектейтінін анықтайды.
Сондықтан шешім тек диагноздың атауына емес, заңнамада белгіленген өлшемшарттардың жиынтығына сүйене отырып қабылданады.
МӘС жүргізу кезінде қандай факторлар ескеріледі?
Баланың денсаулық жағдайын бағалау кезінде мамандар бірнеше маңызды факторға назар аударады:
* Ағза функциялары бұзылуының тұрақтылығы мен айқындылық дәрежесі. Бұзылулардың сипаты, ұзақтығы және баланың жалпы жағдайына әсері бағаланады.
* Тіршілік әрекетінің шектелуі. Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, өздігінен қозғалу, қарым-қатынас жасау, білім алу, өзіне-өзі қызмет көрсету және күнделікті әрекеттерді орындау мүмкіндіктері қарастырылады.
* Тексеру, емдеу және оңалту нәтижелері. Медициналық құжаттар, диагностикалық зерттеулердің нәтижелері және денсаулық жағдайындағы өзгерістер зерделенеді.
* Денсаулық жағдайының жеке ерекшеліктері. Бірдей диагноз қойылған балалардың ауру салдары мен ағза функцияларының бұзылу дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін.
Бір диагноз — әртүрлі салдар
Мысалы, екі балаға бірдей диагноз қойылды делік. Алайда олардың біреуі күнделікті дағдыларын сақтап, тіршілік әрекетінде айтарлықтай шектеулерге тап болмайды. Ал екінші балада ағза функцияларының тұрақты бұзылуы байқалып, күнделікті өмірде қиындықтар туындайды және ол үнемі бөгде адамның көмегіне мұқтаж болады.
Мұндай жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері де әртүрлі болуы мүмкін. Себебі мамандар аурудың атауын ғана емес, оның әр баланың өміріне тигізетін нақты әсерін бағалайды.
Ата-аналар нені білуі керек?
МӘС-тен өтуге дайындық кезінде медициналық құжаттарда баланың денсаулық жағдайы толық әрі нақты көрсетілуі маңызды. Атап айтқанда, құжаттарда диагнозбен қатар ағза функцияларының бұзылу сипаты, олардың айқындылық дәрежесі, тұрақтылығы, динамикасы және баланың күнделікті өміріне әсері қамтылуы қажет.
Егер ата-аналар сараптама нәтижесіне қатысты сұрақтар туындаса, қабылданған шешім бойынша түсіндірме алуға және оны заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдану жолдарымен танысуға құқылы.
Ең бастысы: аурудың болуы мен мүгедектікті белгілеу — екі түрлі ұғым. МӘС барысында аурудың салдары, тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесі және заңнамада көзделген өзге де өлшемшарттар бағаланады. Әрбір жағдай Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жеке қарастырылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









