Мемлекет басшысы: «Қабылданған батыл шешімдер бірегей комбинаттың дамуына тың серпін берді»

    Президент Qarmet компаниясының бұған дейінгі жай-күйі күрделі болғанына назар аударды.

    – Қабылданған батыл шешімдер жағдайды өзгертіп, осы бірегей комбинаттың дамуына тың серпін берді. Шығыстарды оңтайландыру және инвестиция тарту арқылы компания миллиардтаған шығыннан арылып, қиын кезеңді еңсерді. Осының нәтижесінде былтыр Qarmet 1,1 триллион теңге түсіммен таза пайдаға шықты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Оны іске асыруға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Өндіріске озық технологиялар мен цифрлық шешімдер енгізуге айрықша мән берілуде. Жұмысты ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше бақылауға алынды, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Qarmet бизнестің жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілігі қандай болатынын көрсетіп отыр.

    – Мәселен, кәсіпорын өз есебінен Теміртаудағы трамвай қозғалысын толық қалпына келтірді. Мен әлгінде ғана трамваймен жүріп көріп, аталған бастаманы құптадым. Теміртау тұрғындарына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Компания жас мамандарды оқытуға және жұмыспен қамтуға арналған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Бірінші кезеңде еліміздің әр аймағынан 500-ге жуық адам қамтылады. Білікті мамандарға, әсіресе, жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Бағдарлама, ең алдымен, осы үдеден шығады. Бұл бастамаға басқа да ірі кәсіпорындар қосылады деп үміттенемін, – деді Президент.

    t.me/aqorda_resmi

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары