Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды бүгінгі күннің талабы деп санайды

    Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды бүгінгі күннің талабы деп санайды

    – Біздің мемлекеттеріміз ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуды алдына мақсат етіп қойды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

    Астанада Alem.AI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласында мамандар даярлау мақсатында Qazaq AI Research University университеті ашылды. Жалпы қуаттылығы 1 гигаватт болатын деректерді өңдеу орталықтарының алқабы қалыптасуда. Екі суперкомпьютер іске қосылды, жуырда қуатты үшінші суперкомпьютер де жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды.

    Қажет болған жағдайда, біз осы саладағы тәжірибемізбен бауырлас түркі мемлекеттерімен бөлісуге дайынбыз. Баршаңызға мәлім, биыл мамыр айында Түркістанда өткен кездесуде жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту перспективаларын талқылаған болатынбыз. Осы іс-шараның қорытындысы бойынша бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда.

    Сонымен қатар жақында Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Бұл бірегей жобаның мүмкіндіктерін басқа да түркі мемлекеттері пайдалана алады.

    Сонымен бірге алдағы уақытта атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар бар. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, сондай-ақ цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру жөніндегі бастамаларды жеделдету қажет.

    Әрине, бұл жобалар мемлекеттеріміздің цифрлық саладағы әріптестігін одан әрі нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шалқар қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары