Жетісуда қызмет бабында қаза тапқан полицейді еске алуға арналған самбо турнирі өтті.
Талдықорған қаласындағы “Жастар” спорт сарайында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан, ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған Ержан Ахметовті еске алуға арналған самбодан біріншілік өтті.
Жарысқа Жетісу облысының күш құрылымдарының қызметкерлері қатысты. Турнир қатысушылар үшін тек спорттық шеберліктерін, дене дайындығы мен жеңіске деген жігерін танытатын дода ғана емес, сонымен қатар кәсіби борышын өтеу жолында өмірін қиған азаматтың рухына тағзым етуге арналған тағылымды шара болды.
Әр белдесу спортшылардан төзімділік, табандылық пен қайсар мінезді талап етті. Түрлі бөлімшелердің өкілдері жеңіс үшін бар күшін салғанымен, жарыстың басты мақсаты – қызмет пен Отан алдындағы антына адалдықты өмірлік ұстаным еткен әріптестің есімін ұлықтап, оның жарқын бейнесін есте сақтау.
Командалық біріншіліктің қорытындысы бойынша І орынды Жетісу облысы полиция департаментінің командасы иеленді. Екінші орын 18404 әскери бөлімінің десанттық-шабуылдау бригадасына бұйырды. Ал үшінші орынды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің арнайы жасағының спортшылары еншіледі.
Жеке есепте үздік балуандар 58, 64, 71, 79, 88, 98 және 98 келіден жоғары жеті салмақ дәрежесі бойынша анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай жарыстар құқық қорғау және күш құрылымдары қызметкерлері үшін айрықша маңызға ие. Олар спорттық дәстүрлерді нығайтып қана қоймай, рухтың беріктігін шыңдап, қызметтік борыштың қадірін терең сезінуге үндейді.
Ержан Ахметовтің есімі әріптестерінің жадында мәңгі сақталады. Оның ерлігі, мамандығына деген адалдығы мен антына беріктігі бүгінгі күні заң мен азаматтардың қауіпсіздігін күзетіп жүрген қызметкерлер үшін әрдайым өнеге болып қала береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









