Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2026 жылдың 9 айының қорытындысын шығарды

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының басшылығымен аумақтық департаменттердің басшыларымен 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындыларына арналған бейнеконференция форматындағы кеңес өтті.

    Отырыс барысында азаматтардың өтініштерін қарау, мемлекеттік бақылау, наразылық-талап қою қызметінің нәтижелері, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің рейтингтік бағалау қорытындылары қаралды.

    Есепті кезеңде Комитет пен оның аумақтық департаменттеріне шамамен 72,6 мың өтініш келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызметтер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі.

    Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша:

    - 23,1 мың өтініш бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды, бұл жалпы өтініштер санының 31,9%-ын құрайды;

    - 26,6 мың өтініш бойынша құқықтық көмек көрсетілді–36,6%;

    - 16 мың өтініш құзыреті бойынша бейінді мемлекеттік органдарға жолданды–22%.

    Мемлекеттік бақылау шеңберінде аумақтық департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне 1 347 тексеру жүргізді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 836 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың сомасы 54,3 млн теңгені құрады.

    Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаражатты қайтаруды, тауарларды айырбастауды және ауыстыруды қоса алғанда, жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге тұтынушылардың құқықтары қорғалды.2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,9 млрд теңгені құраған.

    Қоғамдық резонанс тудырған істерге және тұтынушылардың құқықтарын сот арқылы қорғауға ерекше назар аударылды. Тоғыз ай ішінде осындай 107 іс тіркеліп, олардың аясында 365 тұтынушының құқықтары жалпы сомасы 1,03 млрд теңгеге қорғалды. Наразылық-талап қою жұмысы шеңберінде Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласының аумақтық департаменттері 8 талап қоюға бастамашылық жасады. 144 тұтынушының құқықтары қорғалып, 5,86 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

    Сондай-ақ азаматтардың аумақтық департаменттерге телефон арқылы хабарласу мүмкіндігіне және консультация беру сапасына қатысты шағымдары қаралды. Байланыс нөмірлерін өзектендіру, телефон желілерінің тиісті жұмысын қамтамасыз ету және тұтынушыларға көрсетілетін консультациялық көмектің сапасын арттыру тапсырылды.

    Отырыс қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттыру, мемлекеттік бақылау мен наразылық-талап қою жұмысын күшейту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолжетімділігі мен уақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі алдағы міндеттер айқындалды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті" жаңалықтары