📌 Зейнетақы немесе жәрдемақы төлемі неліктен тоқтатылуы мүмкін және оны қалай қайтаруға болады?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменті Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұру және қайта бастау ережелерін азаматтардың қаперіне салады.
🛑ТӨЛЕМДЕРДІ ТОҚТАТА ТҰРУ
ҚР Әлеуметтік кодекске сәйкес алушының банк шотына қаражат аудару себептер туындаған айдан кейінгі айдың 1-інен бастап тоқтатылады.
Тоқтата тұрудың негізгі себептері:
- ❌ Шотта операциялардың болмауы: егер сіздің банк шотыңыз бойынша қатарынан 3 және одан да көп ай бойы ешқандай қозғалыс (ақша алу, аударымдар) болмаса.
- ❌ Тұрақты тұруға (ТТҚ) шетелге кету: ақпараттық жүйелерден алушының Қазақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткені туралы мәліметтер түскен кезде (тоқтатылады).
- ❌ Құжаттар мерзімінің өтуі: жеке куәліктің (ҚР азаматтары үшін) немесе
- ықтиярхаттың (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін) қолданылу мерзімі аяқталғанда.
- ❌ Азаматтықтан айырылу: Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту фактісі анықталған кезде.
- ❌ Жазасын өтеу: алушы бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық жазасын өтеп жатқанда (заңда белгіленген кейбір жағдайларды қоспағанда).
- ❌ Мемлекеттік мекемелерде тұру: арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында (қарттар үйі, интернаттар) толық мемлекет қамқорлығында тұрғанда (төлемдер Кодекс нормаларына сәйкес тоқтатылады немесе азайтылады).
2-БӨЛІМ. ТӨЛЕМДЕРДІ ҚАЙТА БАСТАУ
Төлемдер біржола жойылмайды. Тоқтатылу себептері жойылғаннан кейін оларды қайта қалпына келтіруге болады.
Төлемдерді қалай қайта бастау керек:
- 📝 Өтініш беру: Алушы (немесе сенімхат бойынша оның заңды өкілі) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) өтінішпен және тоқтату себептерінің жойылғанын растайтын құжаттармен жүгінуі қажет.
- 🪪 Құжаттарды жаңарту: Егер себеп мерзімі өткен құжат болса, жаңа жеке куәлікті немесе ықтиярхатты көрсету қажет. Төлемдер, тоқтатыла тұрған күннен бастап, бірақ шетел азаматының тұруына ықтиярхат алған күннен кейін қайта басталады
- 🏦 Егер төлемдер қозғалыссыз шотқа байланысты тоқтатылса, төлемдерді қайта бастау үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Мемлекеттік корпорацияға «Азаматтарға арналған үкімет» өтініш білдіріп, өтініште зейнетақының/жәрдемақының 3 айдан астам уақыт бойы алынбау себебін (мысалы, шотта жинақталуы, т.б.) көрсету қажет..
Ақша қай кезең үшін қайтарылады?
Өтініш мақұлданғаннан кейін төлемдер өтініш берілген айдан кейінгі айдың 1-інен бастап қайта басталады. Ақша тоқтатылған барлық кезең үшін толық көлемде төленеді, бірақ өтініш жасаған күнге дейінгі 3 жылдан аспауы тиіс.








