1 / 41
Түркістан қаласында Республика күні мен қала күні қарсаңында Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан 7 қабатты 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы келіп, баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Облыс әкімі тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен баспана иелері жаңа тұрғын үйлерді аралап, пәтерлердің жай-күйімен танысты. Заманауи үлгіде салынған тұрғын үй кешендерінде тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.
Жаңа тұрғын үй кешені жалпы 3,5 гектар аумақта орналасқан. Тұрғын үй кешенінде жалпы 588 пәтер бар. Олардың 194-і жалдамалы баспана болса, 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Пәтерлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды.
Мереке қарсаңында жаңа пәтерлердің кілтін алған отбасылар үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Түркістандықтар қуанышымен бөлісіп, ҚР Президентіне, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында 2 мыңнан астам пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, 706 пәтер арендалық болса, 1 382 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегіне 23 мыңнан астам азамат тіркелген.









