Құқықбұзушылықтың алдын алу-қауіпсіз болашақ кепілі: Абай облысында Полиция департаменті бастығының орынбасары қауіпсіздік сабағын өткізді

    Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жасұлан Байкенов Семей қаласындағы №4 мектептің 7-сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, қауіпсіздік тақырыбында профилактикалық сабақ ұйымдастырды.

    Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болу және құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндіріліп, бейнероликтер көрсетілді.

    Полиция полковнигі оқушыларға әрбір әрекеттің салдары болатынын еске салып, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.

    «Балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Буллингке, қорқытуға, күш көрсетуге және кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарауға болмайды. Егер осындай жағдайларға тап болсаңыздар немесе куәгері болсаңыздар, үнсіз қалмай, мұғалімдерге, ата-аналарыңызға немесе полиция қызметкерлеріне хабарлаңыздар. Өз қауіпсіздіктеріңізге жауапкершілікпен қарап, бір-біріңізге құрметпен қарау – қауіпсіз ортаның негізі», – деп атап өтті полиция полковнигі.



    Сонымен қатар сабақ барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне де назар аударылды. Оқушыларға жол белгілерінің талаптарын сақтау, көшеде және жолдан өту кезінде сақтық таныту қажеттігі түсіндірілді. Кездесу аясында жол белгілерінің жай-күйі де тексерілді.

    Мұндай профилактикалық іс-шаралар оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, буллингке қарсы мәдениетті қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Қауіпсіз орта – саналы ұрпақтың кепілі. Ал әр баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – ортақ міндет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары