Қазақстанның Қасиетті Тақ жанындағы Елшісі Орталық Азия католик епископтары конференциясының төрағасымен кездесті

    2026 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінің бастамасымен Орталық Азия католик епископтары конференциясының төрағасы кардинал Джорджо Маренгомен кездесу өтті.

    Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан, мемлекетті жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.

    Тараптар Қазақстан мен Ватикан арасындағы қатынастарды дамытуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне, сондай-ақ биылғы қазан айының басында Астанада өткен Съезд Хатшылығының XXIV отырысы мен II Қазақстан–Ватикан коллоквиумының қорытындыларына ерекше назар аударды.

    Кардинал Дж.Маренго ұсынылған ақпарат үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады және жүзеге асырылып жатқан реформалардың табысты болуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар ол штаб-пәтері Астанада орналасқан Орталық Азия католик епископтары конференциясының қызметі туралы айтып берді.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өңірдегі дінаралық диалогты ілгерілетуге өзара мүдделіліктерін растады.

    Кездесу достық және сындарлы ахуалда өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ және Мальта Егеменді Ордені жанындағы Елшілігі" жаңалықтары