Республика күні қарсаңында ШҚО-да жаңа «Жас сақшы» сыныбы ашылды

    1 / 10

    Республика күні қарсаңында ШҚО-да жаңа «Жас сақшы» сыныбы ашылды

    Ант, жауапкершілік және заңға адалдық. Алтай қаласындағы № 9 орта мектептің 7 «Б» сыныбының 17 оқушысы білім жолындағы жаңа кезеңге қадам басты. Республика күні қарсаңында мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан аға лейтенант Александр Дмитриевич Сидоровтың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы ашылды.

    Ант қабылдаған оқушылар тәртіпті сақтауға, айналасындағылардың құқықтарын құрметтеуге және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға дайын екендерін білдірді. Бұл сынып балаларға жаңа білім беріп қана қоймай, заңның мәнін тереңірек түсінуге және қоғам алдындағы жеке жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді.

    Бағдарлама аясында оқушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын зерделеп, құқықтық сабақтарға, полиция қызметкерлерімен кездесулерге және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, рухани-адамгершілік тәрбие мен отансүйгіштікке баулуға ерекше көңіл бөлінеді.

    Аға лейтенант Александр Сидоровтың есімі оқушылар үшін ерліктің, борышқа адалдықтың және адамдарға жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісіне айналады. Осындай тағылымды мысалдар жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншіліктің сөзбен ғана емес, нақты іспен, әділдікті қорғауға және қоғамға пайда келтіруге дайын болумен өлшенетінін ұғынуға көмектеседі.

    Жаңа «Жас сақшы» сыныбы «Заң мен тәртіп» жобасы және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ашылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында осындай 25 сынып жұмыс істейді. Онда 500-ге жуық оқушы білім алады.

    Заңды құрметтеу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау және Отанға адал болу бала кезден қалыптасады. Осы құндылықтар ар-намыс, әділдік пен заң басты бағдар болып қала беретін елдің болашағын қалыптастырады.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары