25 қазанда Қазақстан еліміздің бас әрі жалғыз ұлттық мерекесі – Республика күнін атап өтеді. Бұл күн – мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы және қазіргі заманғы тәуелсіз Қазақстан тарихының бастау бұлағы.
Дәл 1990 жылғы 25 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік суверенитет туралы декларацияны қабылдады. Бұл құжат аймақтық тұтастықты, ұлттық бірегейлікті нығайтуды және республиканың экономикалық әрі саяси мәселелерді өз бетінше шешуін жария етті. Осылайша, ол біздің қасиетті Тәуелсіздігімізге жол ашты.
Мерекенің бай тарихы бар: алғаш рет 1995 жылы ұлттық мереке болып жарияланып, кейін оның мәртебесі өзгерді, ал 2009 жылы атап өтілуі тоқтатылды. Тарихи әділдік 2022 жылы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне өзінің жоғары мәртебесі қайтарылған кезде орнықты. Мемлекет басшысы бұл құжаттың терең тарихи маңызы бар екенін және мерекенің өзі халықтың рухын көтеріп, мемлекеттілікті, бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға арналғанын атап өтті.
Бүгінгі таңда Республика күні Әділетті Қазақстанның негізін құрайтын қоғамымыздың басты құндылықтары – егемендік, бостандық, бейбітшілік пен келісімді айшықтайды.









